Астанада автобус аялдамасын бүлдірген вандал 20 күнге қамалды

Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада полицейлер автобус аялдамасының павильонына зақым келтірген ер адамды қысқа мерзімде анықтап, ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Кенесары көшесінде кешкі уақытта белгісіз азамат автобус аялдамасының шыны құрылымын сындырып, оқиға орнынан бой тасалаған. Алайда алысқа ұзай алмады. Полицейлер жедел әрекет етіп, құқық бұзушыны анықтап, ұстады.

— Анықталғандай, 33 жастағы елорда тұрғыны алкогольдік масаң күйде аялдама павильонының құрылымын «беріктікке сынап көрмек» болған. Бұл әрекеті оның әкімшілік жауапкершілікке тартылуына себеп болды. Бөгде мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру фактісі бойынша ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен оған 20 тәулікке қамау жазасы тағайындалды, — делінген хабарламада.

Полиция қала мүлкіне ұқыпты қарау қажеттігін еске салады. Қала мүлкін бүлдіру барлық азаматқа және қаланың келбетіне зиян келтіреді. Кез келген құқық бұзушылық пен келтірілген шығын қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады.

Бұған дейін Астанада вандализм жасағаны үшін шамамен 3 мың адам жауапқа тартылғанын жазған едік.