Астанада автобус жүргізушісінің көз алдында баласы мерт болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада автобус жүргізушісінің көз алдында туған қызы мерт болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі «Астана LRT» баспасөз хатшысы Науат Азанбаеваға сілтеме жасап.

«Таңғы сағат 8-де Қабанбай батыр көшесінде жеңіл көлік жолдан өтіп бара жатқан 9-сынып оқушысын қағып кетті. Жаяу жүргіншіні байқамаған жүргізуші жылдамдықты уақытында азайта алмаған. Оқушы қыздың өмірі көрші жолақта жолаушылар автобусын жүргізіп келе жатқан әкесінің көз алдында үзілді», - деп жазды Науат Азанбаева Facebook-тегі парақшасында.

Сонымен қатар  баспасөз хатшысы астаналықтарды жолда абай болуға шақырады.

«Жолда абай болуға, балаларға жол ережелері мен міндеттерін үйретіп, ескертіп отыруға шақырамыз. Жүргізушілерден қалыпты жылдамдықты сақтауды сұраймыз», - деді ол.

Бұған дейін қалалық автобуста ер адам көз жұмған болатын. Оның қоғамдық көлік ішінде денсаулығы сыр берген.