Астанада автобустар мен такси қызметіне бейнекамера орнатылған патруль көлігі бақылау жүргізеді
10:09, 24 Желтоқсан 2013
АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астанада 19 желтоқсаннан бастап жасырын бейне бақылау әдісі арқылы қоғамдық көлік пен таксилердің тәртіп бұзушылықтарының жолын кесу бойынша жедел алдын алу іс-шарасы өтуде.
Бұл 25 желтоқсанға дейін созылады, деп хабарлайды astana.kz сайты ІІД әкімшілік полиция басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шара аясында ІІД ӘПБ патруль көлігіне орнатылған бейнетіркеуіштің көмегімен қоғамдық көлік жүргізушілерінің бағыттар бойынша тәртіп бұзушылығын анықтау және жолын кесу бойынша жұмыстар ұйымдастырылады. Жедел алдын алу іс-шарасының мақсаты - жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көлік құралдарының және такси көліктерінің апатқа ұшырау жағдайларын төмендету, жолаушылар тасымалымен айналысатын жүргізушілердің тәртіп бұзушылығының жолын кесу, сондай-ақ, қоғамдық көліктің халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту болып табылады.