Астанада автобусты ұзақ күту мәселесі жойылмақ

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл елордаға жаңа 400-ге жуық автобус жеткізілмек. Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «№1 Автобус паркi» АҚ басқарма төрағасы Медет Шақаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл №1 Автобус паркi Youtong маркалы жаңа 320 автобус сатып алады. Оның ішінде 18 метрлік электр автобустары және дизель отынымен жүретін автобустар бар. 2024 жылы тағы 100 автобус сатып алуды жоспарлап отырмыз», - деді М. Шақаев.

Оның айтуынша, №1 Автобус паркі биыл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту бойынша бірқатар кешенді іс-шараны қарастырған.

«Қазіргі кезде сатып алынған 18 метрлік 20 электр автобусы №10 бағдарына шығарылды. Жолаушылар ағынын ескере отырып, бұрын №10 маршрутта болған 18 метрлік автобустар №

7, 44, 61 (Жағалау шағын ауданы), №24 (Өндіріс тұрғын алабы), №9, 29 (Интернациональный кенті) бағдарларына жіберілді. Атап айтқанда, жаңа 320 автобус жеткізілсе, барлық бағдар бойынша қосымша жолаушылар көлігі қосылады. Бұл жағдайда автобустар қозғалысының уақыт аралығы 10-20 минуттан 8-10 минутқа дейін қысқартылмақ», - деді кәсіпорын басшысы.

Айта кетейік, Астана қаласы әкімдігі №1 Автобус паркінің 100 пайыз акционері саналады. Бұл парк елорданың бүкіл маршруттық желісінің шамамен 70 пайызын қамтиды, яғни 38 қалалық бағдарға және қала маңындағы (100%) 28 бағдарға қызмет көрсетіп келеді.

Жалпы, қалада 6 автобус паркі қызмет көрсетіп жатыр. Осы жеке тасымалдаушылар тағы 80 автобус сатып алмақ.

Бұған дейін қалаға 400-ге жуық автобус жетіспейтіні хабарланған еді.