Астанада автоматтандырылған ақылы тұрақ пайда болды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорда вокзалының аумағындағы алаңда «Астана қаласында тұрақ кеңістігін басқару» жобасы тестілік режімде жұмыс істей бастады, деп хабарлайды қаланың ресми сайты.

Вокзал аумағында көлік қозғалысын ұйымдастыруды өзгертудің мақсаты - кез келген көліктен жолаушыларды отырғызуға және түсіруге қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ, вокзал маңында көлік ағынын тәртіпке келтіру.

Мамандардың алдын ала бағалауы бойынша, жоба жолаушыларды заңсыз тасымалдауды 70-80%-ға азайтуға, көліктердің айналымын 30-40%-ға ұлғайтуға, вокзал маңы аумағында жолға түсетін салмақты 20-30%-ға азайтуға, сондай-ақ, тұрақ орындарының жүктемесін 40-50%-ға төмендетуге ықпал етеді.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда аталған аумақта көлік құралдарының қозғалысы мен уақытын есепке алатын автоматтандырылған жүйе (бейнетіркеу жүйесімен), сондай-ақ, нөмір белгілерін автоматты түрде тану жүйесі орнатылып, іске қосылды. Қазіргі кезде көлікті тұрақта 2 күннен артық уақытқа қалдыруға болмайды.

Тестілік режимде қондырғының жұмысын тексеру және оның кемшіліктерін анықтау жүзеге асырылады. Осы кезеңде вокзал маңы аумағына кірген көліктерден төлем алынбайды. Вокзал маңындағы тұрақтың сыйымдылығы -  251 көлік.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазіргі кезде осы учаскеде күн сайынғы жолаушылар айналымы - 7,5 мың адам. Тәулігіне пойыздың 30 құрамы келеді. Сонымен қатар, қала маңына 18 бағдар қатынайды.