Астанада аялдамаға темір лақтырған, көліктің әйнегін ұрған вандалдар жазаланды

Фото: Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Елордалық полицейлер вандализм актілерімен және қоғамдық тәртіпті бұзушылармен күресті жалғастырып жатыр. Осы орайда өзгенің мүлкіне зиян келтірген кезекті вандалдар жауапқа тартылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты. 

Атап айтар болсақ, 22 қараша күні сағат 9.00-де 30 жастағы ер адам көшеде тұрған көліктің артқы есігіне зақым келтірген. Сол күні кешке 34 жастағы мас адам төбелес кезінде көліктің есігіне жапсарлас орналасқан әйнекті сындырып кеткен. Сондай-ақ 26 қараша күні түнде 22 жастағы азаматтың аялдамаға темір лақтырып, әйнегін шаққаны белгілі болды. ҚР ӘҚБтК-нің 147-1-бабы бойынша барлық құқық бұзушы табылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Жыл басынан бері Астанада еріктілер, белсенділер, белгілі спортшылар, қала тұрғындары қолдаған «Тоқта, вандал» акциясы аясында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп келеді. Акцияның басты мақсаты – вандализмнің кез келген көрінісін болдырмау және елордада тазалық пен тәртіпті сақтау.  

Жыл басынан бері сот бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін 300-ге жуық адамды жазалады. Олардың барлығы жауапқа тартылды. 

Айта кетейік, вандализмнің алдын алу жұмыстары қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі.