Астанада аялдамалар электронды ақпараттандыру құралдарымен жабдықталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда тұрғындары мен қонақтарының басым бөлігі қоғамдық көлікті пайдаланады. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында ұдайы жайлы автобустар сатып алынады, маршруттық желілер кеңейтіледі, аялдамалар да жабдықталады.

Қазіргі уақытта Кенесары көшесі, Республика және Қабанбай батыр даңғылдарында орналасқан аялдамаларда қалалық жолаушылар көліктерінің жүру бағыттарының кестелері көрсетілген. Бірақ ол қосымша ақпарат бермейді. Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасынан astana.kz сайтына хабарлағандай, осыған байланысты бүгінде жаңа электронды ақпараттандыру жобасы әзірленіп жатыр. Жоба белгілі бір қалалық автобустың маршрутын және оның аялдамаларға тоқтау уақытын бақылауға мүмкіндік береді. Аталған жоба келер жылы жүзеге асырылмақ.

Айта кетейік, Астанада 956 аялдама пункті бар, соның ішінде 592 еуропалық стандарттарға сай павильондармен жабдықталған. Сондай-ақ, 8 автопарк 50 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Кәсіпорындарда 890 автобус жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы бұл көрсеткіш 350 бірлікке ұлғайтылмақ.