Астанада аялдаманы қиратып кеткендер 10 тәулікке қамалды

Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада қоғамдық тәртіпті бұзу мен вандализмнің кез келген түріне қарсы жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. Құқық қорғау органдары аялдама павильонын қиратып кеткен кезекті тәртіп бұзғандарды анықтап, жауапқа тартты.

Аялдамада түнгі уақытта орынсыз әрекет жасап, шу шығарған үш жас жігіт ұсталды. Олардың бірі екіншісін итеріп жіберіп, ол құлап бара жатып павильонның шыны есігін сындырған.

Хабар түскен соң полиция жасағы дереу оқиға орнына жетті. Тәртіп бұзушылар жақын маңдағы аулалардың бірінен табылып, полиция бөлімшесіне жеткізілді.

Сот шешімімен олардың екеуі бөтеннің мүлкін бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысы 10 тәулікке қамауға алынды. Үшінші вандал түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Полиция өкілдері елордада орнатылып жатқан жылы аялдамалар тұрғындардың қыс мезгілінде қоғамдық көлік күтуі үшін жасалғанын, сондықтан қала мүлкіне ұқыпты қарау қажет екенін еске салды. Қалалық инфрақұрылымды бүлдіру қаланың келбетіне зиян келтіреді. Кез келген құқықбұзушылық пен келтірілген шығын қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкелетіні атап өтілді.

Айта кетелік Астанада жыл басынан бері вандализмге барған 160 адам жазаланды