Астанада аязға байланысты қызметкерлер жұмыс істемейтіні жөнінде жалған ақпарат тарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада белгісіз біреулер бүгін аязға байланысты қызметкерлер жұмыс істемейтіні жөнінде хабарлама таратқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін WhatsApp мессенджерінде мынадай ақпарат пайда болды: «Астана әкімдігі хабарлайды: ауа райының бұзылуына байланысты қала мекемелерінде барлық деңгейдегі қызметкерлер үшін жұмыс болмайды».

Осыған байланысты қала әкімінің баспасөз хатшысы Эльмира Жүргенбаева Фейсбуктегі парақшасында жазба жариялады.

«Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары! WhatsApp-та осындай ақпарат тарап жатыр. Ол шындыққа сәйкес келмейді! Өтінеміз, мұндай мәліметтерді Астана қаласының ресми сайтында немесе 109 Ikomek қызметі арқылы анықтап, тексеріп отырыңыздар», - деп жазды баспасөз хатшысы.

Еске сала кетейік, бүгін Астана қалалық төтенше жағдайлар департаменті мекеме және ұйым басшыларына 25 желтоқсан күнгі жұмыс уақытын қысқарту жөнінде ұсыныс жасаған болатын.