Еркін Нұрымбетовтің концертін өткізуді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Айтқали Жайымов жетекшілік ететін Астана қаласының мемлекеттік филармониясының халық аспаптар оркестрі жылдың басында жоспарына енгізген болатын.
Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің қауымдастырылған профессоры Еркін Нұрымбетовтің айтуынша, бұл концерт Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған.
«Бағдарламаға оркестр бұрын орындамаған, оның ішінде Батыс Қазақстан өңірі халық композиторларының туындылары еніп отыр. Атап айтқанда, Құрманғазының «Қуаныш» күйі алғаш рет орындалады. Сол сияқты Махамбеттің «Қиыл қырғыны» күйі де алғаш рет көрермен назарына ұсынылмақшы. Дәулеткерейдің «Бапас», Жантөренің «Шалқыма» атты күйлері бұрын орындалмағаны анық. Астана оркестрімен екі-үш күн бойы бірге жұмыс істеп жатырмын. Бұрын орындалмаған шығармаларды да бірден қағып алып, сәні мен сазын келтіріп отыр», - деді ол.
Еркін Нұрымбетов Құрманғазы, Дәулеткерей, Жантөре және Махамбеттің аталған күйлерін оркестрге түсірген.
Осы кеште Арман Жайымның қобыз бен оркестрге арналған туындысын республикалық конкурстардың лауреаты Саджана Мурзалиева орындайды.
Концертте Астана қаласының мемлекеттік филармониясының әншісі, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Айзада Қапонова бірқатар әндерді шырқайды деп күтілуде.
Е.Нұрымбетовтың «Балдырған» атты шығармасын жеке сазсырнайда Президент оркестрінің әртісі, республикалық конкурстардың лауреаты Ақбөпе Әбілбекова орындайды.
Автордың «Оралым - асыл қалам» туындысын (сөзін жазған Асхат Маемиров) Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының солисі, республикалық М.Төлебаев атындағы вокалистер конкурсының лауреаты Айбар Хайырханов көрермендерге ұсынады.
Белгілі айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев концерт барысында Мұхит әндерін шырқайды. Ол оркестрдің сүйемелдеуімен жаңа әндерді орындайды. Сондай-ақ осы кеште көрермендер Тұяқ Шамеловтің «Нұрғиса ағама сағыныш» әнін тыңдау мүмкіндігіне ие болмақ. Мұқан Төлебаевтың «Біржан Сара» операсынан «Естайдың термесі» шырқалмақшы.
Сонымен қатар композитор Е.Нұрымбетовтың бірқатар шығармалары концерт бағдарламасына енген.