Астанада әйел кәсіпкерлердің үлесі артып келеді

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, елордада 205,6 мың жеке кәсіпкер тіркелген.

Олардың ішінде әйел басшылардың үлесі 53,6 пайызды, яғни 110,3 мың адамды құрайды. Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл Астанада әйелдердің кәсіпкерлік белсенділігі жоғары екендігін көрсетеді.

— Әйел кәсіпкерлер басқаратын кәсіпорындар негізінен сауда саласында шоғырланған — 44,3 мың нысан. Сонымен қатар, қызмет көрсету саласында 21,2 мың, жылжымайтын мүлікпен операциялар бағытында 11,3 мың кәсіпорын жұмыс істейді. Әйелдердің үлесі өңдеуші өнеркәсіпте (5,2 мың) және білім беру саласында (4,7 мың) да айтарлықтай, — делінген хабарламада.

Бұл көрсеткіштер әйел кәсіпкерлердің қала экономикасының дамуына қосып отырған үлесін және әртүрлі салаларда белсенді қызмет атқарып отырғанын айқын дәлелдейді.

Бұған дейін кәсіпкерлерге арналған бірыңғай байланыс орталығы іске қосылатынын жазған едік.