Астанада әйел өлімінен кейін төрт полиция қызметкері ұсталды

АСТАНА. KAZINFORM – Астананың 30 жастағы тұрғыны өлтірілгеннен кейін төрт полиция қызметкері жұмысына салғырт қарады деген күдікпен ұсталды.

Фото: ҚР ІІМ

Полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлағандай, Өзіндік қауіпсіздік департаменті жауапты лауазымды тұлғалардың іс-әрекетіне қызметтік тексеру жүргізді. Оның қорытындысы бойынша төрт қызметкер жұмыстан шығарылды.

- Қызметке немқұрайлы қарау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу аясында полицияның бұрынғы төрт қызметкері ұсталды, - деп хабарлады баспасөз қызметі.

Сонымен қатар бірнеше полиция қызметкері лауазымынан босатылды. Олардың қатарында аудандық полиция басқармаларының екі бастығы, олардың орынбасарлары, сондай-ақ Астана қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары бар.

Қалалық ПД бастығы мен оның тағы бір орынбасары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Осы оқиғаға қытысты күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істі тергеу жалғасып жатыр. Жасалған қылмысы үшін ол қатаң жазаға тартылады.

Естеріңізге сала кетейік, 23 қыркүйек күні кешке Астанада 30 жастағы әйел пышақ жарақатынан қайтыс болды. Полицияның мәліметінше, күдікті – бұрынғы күйеуі.

Полиция сонымен қатар күдіктінің ішкі істер органдарының қызметкері екені туралы ақпаратты жоққа шығарды.