Астанада дүкенге түсіп, күзетші әйелді ұрған ұры ұсталды

Фото: Фото: polisia.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Елордалық полицейлер шағын дүкен тонаушысын ұстады.

«Елордалық полицейлер таңертең шағын маркеттен энергетикалық сусын ұрлаған қала тұрғынын ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Ұрыны тоқтатуға әрекет жасаған күзетшіні (әйел) қағып, пышақпен қорқытып, қашып кеткен. Сарыарқа аудандық Полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері дереу күдіктінің ізіне түсіп, бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған 27 жастағы жігітті ұстады», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, ақпаратта тонау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны айтылған.

«Бұзақының елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталуда», - дейді полициядан.

Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарды заңсыз әрекеттерге барған жағдайда дереу полицияға хабарласуды, қауіпсіздік мақсатында қылмыскерлерді ұстауға өз бетінше шара қолданбауды ескертеді.