Астанада әйелдер кәсіпкерлігін қолдау шараларын түсіндіру науқаны жалғасып жатыр

Фото: Астана әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада жыл соңына дейін халыққа әйелдер кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруге бағытталған Ұлттық ақпараттық науқан жалғасып жатыр, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Науқан 22-31 желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы арқылы жүзеге асырылып жатыр.

— Науқан аясында елордада әйелдердің кәсіпкерлік әлеуетін қолдауға, сондай-ақ бизнесті бастау мен дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары ұйымдастырылып жатыр. Бастаманың негізгі мақсаты — әйелдерге мемлекеттік қолдау тетіктері, гранттар мен жеңілдетілген несиелеу, оқыту және кеңес алу мүмкіндіктері туралы нақты әрі қолжетімді ақпарат беру, — делінген хабарламада.

Іс-шаралар барысында мемлекеттік бағдарламалардың таныстырылымдары, семинарлар, кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізіледі.

Сондай-ақ өңірлік деңгейде табысты әйелдер кәсіпкерлігінің үздік үлгілерін насихаттауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Науқанға мемлекеттік органдардың өкілдері, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, «Даму» қоры, қаржы институттары, қоғамдық ұйымдар және әйел-кәсіпкерлер қатысып жатыр.

Ұлттық ақпараттық науқанды өткізу әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асырумен тығыз байланысты. Бүгінде әйелдер кәсіпкерлігі Қазақстанның тұрақты экономикалық өсуінің негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастырылып отыр.

Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін мемлекеттік қолдау кешенді сипатқа ие. Қаржылық құралдар — гранттар мен жеңілдетілген несиелеумен қатар, білім беру және менторлық бағдарламаларға да ерекше басымдық беріледі.

Бұдан бұрын Астанада әр сенбі-жексенбі күндері өтетін «Соғым Fest» ет жәрмеңкесі 27 желтоқсаннан 31 желтоқсанға дейін 5 күнге ұзартылғаны анықталды.