Астанада Аймақтық авиациялық жаңа оқу орталығы ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада келесі жылы авиация мамандарын даярлайтын аймақтық жаңа оқу орталығының құрылысы басталады. Бұл туралы «ҚазАэронавигация» РМК бас директоры Азат Бектұров Астанада өтіп жатқан авиация мамандарын даярлау және TRAINIR PLUS жөніндегі өңірлік симпозиумда мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Әлемнің 90 елінен 350 делегат қатысып жатқан симпозиумда Азат Бектұров өзі басқаратын кәсіпорынның әлеуетін және оның 2025 жылға дейінгі даму жоспарын таныстырды.

«Алдағы уақытта аэронавигациялық қызмет көрсету бойынша спутниктік телеканалдар енгізіліп, аэронавигациялық ақпараттарды басқару жүйесі қолға алынады. Аталған жобалар ұлттық әуе кеңістігін басқаруға үлесін қосып, кадрларды даярлауда септігін тигізеді. Кадрларды даярлау біздің өз қолымызда. Бізде өзіміздің жеке оқу орталығымыз бар. Оның базасында «Қазаэронавигация» мамандары ғана емес, еліміздегі авиациялық саланың барлық мамандары біліктіліктерін арттыра алады. Бүгінгі күні авиациялық оқу орталығында жетекші кәсіби мамандар 70 сертификатталған бағдарламамен заманауи оқу аудиторясында білім береді», - дейді ол.

Азат Бектұров мекеме мұнымен тоқтамай, ендігі кезекте жетекші аймақтық авиациялық оқу орталығын ашуды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.

«Аймақтық оқу орталығының құрылысын келесі жылы бастау көзделуде. Біз азаматтық авиация саласында персоналдардың сапалы қызметін ішкі нарықта ғана емес, аймақтық және халықаралық деңгейде көрсетуді ойластырудамыз. Жоспарға сәйкес, жаңа оқу орталығына авиация саласының үздік сарапшылары мен мамандары шақырылады. Оқу орталығы Орталық Азиядағы авиация мамандарын даярлауда аймақтық институтқа айналады деген сенімдеміз», - дейді Азат Бектұров.

Еске сала кетсек, Халықаралық азаматтық авиция ұйымы (ИКАО) «Қазаэронавигация» РМК-мен бірлесіп, Астана қаласында Авиация мамандарын даярлау және TRAINIR PLUS жөніндегі өңірлік симпозиумын өткізуде. Симпозиумды алғаш рет Қазақстанда және Орталық Азияда ұйымдастыра отырып, Қазақстан әуе көлігінің қауіпсіз, сенімді және тұрақты дамуын қолдау мақсатында авиация мамандарын даярлау саласында ИКАО жоғары стандарттарын ұстанатынын көрсетпек.