Астанада азаматтардың ақша мен әшекей бұйымдарын айламен қолды етіп келген сығандар ұсталды

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат - Астана қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері 20-26 жас аралығындағы сыған ұлтының өкілдерін ұстады.

Олар елорда тұрғындарын алдап-арбаумен айналысып келген, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Алаяқтар болашағыңды болжап, бойыңдағы жамандықтан арылтамын деген желеумен азаматтардың ақшалары мен әшекей бұйымдарын қолды етіп келген. Қазіргі таңда аталған азаматшаларға қатысты Қылмыстық Кодекстің 177-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, ұсталған әйелдер қамауға алынды. Осы ретте қалалық Ішкі істер департаментінің өкілдері аталмыш алаяқтық әрекеттерден зардап шеккен азаматтардан Алматы ауданының ішкі істер бөліміне хабарласуды сұрады.