Астанада азаматтық бастамаларды қолдау орталығы құрылады- елорда әкімі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада азаматтық бастамаларды қолдау орталығы құрылатын болады. Бұл туралы бүгін Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов қалалық VIII Азаматтық форум барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз азаматтық қоғам мен үкіметтік емес ұйымдар қызметінің дамуы үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Осы мақсатта азаматтардың бастамаларын қолдайтын коворкинг орталығын құру жоспарлануда және ол барлық үкіметтік емес ұйымдарға (ҮЕҰ) қолжетімді болуы тиіс», - деді елорда әкімі Бақыт Сұлтанов форумда сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, бүгінде әкімдік 30-дан астам ҮЕҰ-мен бірлесіп, 463 млн теңгенің 66 әлеуметтік маңызы бар ауқымды жобасын жүзеге асырды.

Сонымен қатар, қала басшысы Елбасының Жолдауындағы барлық әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруда ҮЕҰ мен мемлекеттік ұйымдардың бірігіп жұмыс жасау керектігін айтып өтті.

«Қазірде елордалық ҮЕҰ-мен бірлесіп халықтың тұрмыстық өмірін жақсартуға бағытталған нақты әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылуда. Соның бір көрсеткіші ретінде «Право» қоғамдық қорының дағдарыспен күрес орталығын құру тәжірибесін айтар едім. Бүгінгі таңда қоғамдық қордың осы секілді еліміз бойынша 11 дағдарысқа қарсы орталығы ашылып, онда әскери аймақтар мен террористік әрекеттер белсенді жүріп жатқан күрделі территориялардан келген балаларды әлеуметтендіру жұмыстары жүргізілуде», - деді ол.

Сонымен қатар Астана әкімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан жобаларға да тоқталды.

Атап айтқанда, әкімдік «Жас Ұлан» жасөспірімдер қоғамдық ұйымымен бірігіп «Менің Отаным -Қазақстан» атты елорданың оқушыларына арналған өлкетану-экологиялық орталығын құрды. Экология, өлкетану және туризм бағыттары бойынша жұмыс істейтін орталық арқылы қаладағы 3780 белсенді оқушының жасағы құрылған. Одан бөлек, «ZhasStar» жастар саясаты орталығы мен Жастардың әлеуметтік және тұрақты даму қоры «Жастар жалыны», «Жас ақындар айтысы» секілді 1000-нан астам шығармашыл жастардың басын біріктірген жобалар жүзеге асырылуда.

«Сөзімді қорытындылай келе, үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік, экономикалық, құқықтық мазмұндағы мәселелерді шешуде мемлекеттік органдардың сенімді серіктесі екенін атап өткім келеді. Бұл ретте, елімізде жүріп жатқан жаңғырту аясында азаматтардың қоғамдық мүдделерін қамтамасыз ететін үкіметтік емес ұйымдардың қызметі айрықша маңызды» , - деді Б.Сұлтанов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Астанада VIII қалалық азаматтық форумы өтті.