Осыған орай, Еуразия ұлттық университетінде бүгін Гейдар Әлиевтің құрметіне арналған еске алу отырысы болып өтті. Аталмыш шара Еуразия ұлттық университеті мен Әзербайжанның Қазақстандағы Елшілігінің бірлескен бастамасы негізінде ұйымдастырылып отыр.
Шара екі ел арасындағы достық қарым-қатынас пен ірі саяси қайраткерге қазақ елі тарапынан көрсетілген зор құрметінің көрінісі саналатын ұлттық университет қабырғаларында арнайы ұйымдастырылған Гейдар Әлиев дәрісханасында болды. Айта кетелік, аталмыш орын 2010 жылы ашылған болатын.
«Гейдар Әлиевтің біздің ұлтымыздың өмірі мен тарихында алатын орны айрықша. Ел басына күн туған қысылтаяң шақта ол өзінің көрегендігімен, парасатты саясатымен Әзербайжан елінің бүтіндігін сақтап қала білді. Біздің бүгінгі қол жеткізіп отырған жетістіктеріміз ел бақытына бола туған ерекше тұлғаның арқасында ақиқатқа айналды», - деді дөңгелек үстел отырсы барысында сөз сөйлеген Әзербайжан елінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Закир Гашимов.
ЕҰУ-нің ректоры Бақытжан Әбдірайым да өз кезегінде қазақ елі Гейдар Әлиевтің тарихи тұлғасын ерекше бағалайтындығын атап өтіп, бүгінгі шараның Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайта түсу жолында маңызды орын алатындығын айтты. «Әзербайжан елі өз басшысымен тебірене қоштасқан сәтте Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемі өзінің ұлы тұлғасын жоғалтты деп бекер айтпаса керек, бұл сөздер тек біздің Елбасының ғана емес, жалпы қазақ елінің Гейдар Әлиевке деген құрметін танытады», - деді ол өз сөзінде.
Шара барысында режиссер Андрей Кончаловкийдің Гейдар Әлиевтің қызметі мен өмірі жайлы түсірілген деректі фильмі көрсетілді.