10:40, 28 Наурыз 2009
Астанада Азиялық саяси партиялар Халықаралық конференциясы Тұрақты комитетінің 10-шы отырысы өтуде
АСТАНА. Наурыздың 28-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Астанада Азиялық саяси партиялар Халықаралық конференциясы Тұрақты комитетінің 10-шы отырысы өтуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл басқосуда Азия елдеріндегі саяси ахуал мәселелері талқыланады. Сонымен бірге күн тәртібіне сәйкес, ағымдағы жылдың қыркүйек айында Астана қаласында өткізу жоспарланған Бас Ассамблеяның 5-ші отырысының бағдарламасы, Тұрақты комитеттердің осы уақытқа дейін атқарған іс-шараларының нәтижелері талқыланады. Халықаралық конференцияның Тұрақты комитеттерінің басты мақсаты ? саяси партиялардың қарым-қатынасын тереңдету арқылы азиялық мемлекеттер арасындағы сенім мен өзара түсінікті, әріптестікті дамытуға ықпал ету болып табылады.
2000 жылы негізі қаланған Азиялық саяси партиялардың Халықаралық конференциясы Азия елдері саяси партияларының өкілетті форумы болып табылады. Оның құрамына 50 мемлекеттің 240-тан астам партиялары, оның ішінде Үндістан, Қытай, Ресей, Оңтүстік Корея мен Жапонияның жетекші саяси күштері бар. «Нұр Отан» ХДП 2008 жылдың қаңтар айынан бастап Азиялық саяси партиялар бас Ассамблеясының, сондай-ақ ұйымның атқарушы органы болып табылатын Тұрақты комитетінің де мүшесі болып табылады.