Астанада бағалардың негізсіз өсуін болдырмау бойынша шаралар қолданылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада бағалардың негізсіз өсуін болдырмау бойынша шаралар қолданылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Бүгін елорда әкімдігінің аппарат отырысында тауарлардың әлеуметтік-маңызды топтарына баға қалыптастыру жағдайы талқыланды.

«Астана қаласы Статистика департаментінің мәліметінше, 2015 жылдың соңында Астана қаласы бойынша азық-түлік тауарларына инфляция - 1,3%, азық-түліктік емес тауарларға - 0,4% құрады», делінген хабарламада.

Ауыл шаруашылығы басқармасының қызметкерлері қаладағы 24 ірі сауда нысанында тұрақты баға мониторингін жүргізеді.Соңғы бес айда 33 позицияның жетеуі бойынша бағаның айтарлықтай көтерілгені (10% артық) байқалды, соның ішінде қант, өсімдік майы, жұмысртқа, сүт және т.б. қымбаттаған. Аталған өнімдер бойынша шекті мәндердің шамадан тыс арттырылғаны тіркелді.

«Бірақ бағалардың өсуінің объективті себептерінен басқа, азық-түлік тауарларының бағасын келісіп қою және негізсіз көтеру фактілері де анықталады. Осы сияқты жағдайларға жол бермеу мақсатында Ауыл шаруашылығы және Кәсіпкерлік басқармаларына Статистика департаментімен және монополияға қарсы ведомствомен, сондай-ақ, басқа да мүдделі органдармен іс-әрекеттерді үйлестіру және нарықтағы жағдайға жүйелі мониторинг жүргізу тапсырылды»,-делінген хабарламада.

«Бұл жұмыс практикалық сипатта жүргізілсін, бағаны негізсіз көтерудің әрбір жағдайына жауап беру керек», - деді елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков.