Астанада BaiQymyz-2026 халықаралық қымыз фестивалі өтеді

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада 11-12 шілде күндері қазақтың ұлттық дәстүрі, мәдениеті мен тағамдарын дәріптейтін BaiQymyz-2026 халықаралық гастрономиялық фестивалі өтеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Іс-шара екі күн бойы сағат 09:00-ден 22:00-ге дейін жалғасады. Фестиваль бағдарламасына гастрономиялық алаңдар, ұлттық спорт түрлері, халық ойындары, концерттер, көрмелер және отбасылық демалысқа арналған түрлі іс-шаралар енгізілген.

Фестивальдің басты оқиғаларының бірі – қымыз байқауы. Онда үздік өндірушілер өз өнімдерін таныстырып, келушілер ұлттық сусынды дайындау дәстүрімен таныса алады.

– Қонақтарға ұлттық тағамдарды әзірлеу бойынша аспаздық шоулар мен шеберлік сабақтары, сондай-ақ «Үздік қазы» байқауы ұсынылады, – делінген хабарламада.

Ұлттық спорт түрлерін ұнататындар көкпар, бәйге, аударыспақ, дәстүрлі садақ ату жарыстарын тамашалай алады. Сонымен қатар «Қой көтеру», «Жілік сындыру», ат үстіндегі квиддич және басқа да ұлттық ойындар ұйымдастырылады.

Фестивальдің басты сахнасында екі күн бойы белгілі қазақстандық өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді.

Ұйымдастырушылар тұрғындар мен қала қонақтарына фестиваль өтетін жерге қоғамдық көлікпен келуге кеңес береді. Осыған байланысты 7-13 шілде аралығында №18, №37 және №303 автобус бағыттарының қозғалыс сызбасы уақытша өзгереді. Бұл күндері автобустар «Қазанат» ипподромына дейін қатынайды.

Фестиваль билеттерін Ticketon платформасы арқылы сатып алуға болады. Бір күндік немесе екі күнге арналған билеттер қарастырылған. Зейнеткерлер мен 16 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін.

Айта кетейік, бұған дейін Астанада көне дәстүр — Қымызмұрындық тойланатыны хабарланды.