Астанада бақилық болған танымал журналистерді еске алу кеші өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазМедиа» орталығында өмірден өтіп кеткен 15 дарынды журналист-қаламгерді еске алуға арналған «Олардың есімдері мәңгі жүрегімізде» атты кеш болып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.



Еске алу кеші Астананың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, өз тұсында Елорданың тыныс-тіршілігін жарқырата көрсетіп, әлеуметтің жақтаушысы болған дарынды журналистер мен қаламгерлерге арналды. Фариза Оңғарсынова, Нұрғожа Ораз, Кеңес Юсуп, Дидахмет Әшімханұлы, Алексей Пан, Марат Аққұл, Смағұл Рахымбек, Светлана Галиева, Сембай Қисымұлы, Ерлан Ақмурзин, Әлия Жүсіпова, Ольга Козлова, Азамат Қалымбетов, Айжан Жұмабаева мен Сергей Насыров күні кеше ғана ел үшін еңбектеніп өткенін көпшілік ұмытқан жоқ. Олардың қай-қайсысы болмасын көзден кетсе де көңілден кетпей, талантты журналист, ақын әрі жазушы, қоғам қайраткері ретінде көпті мойындатқаны шындық. Кештің ұйымдастыру алқасы осынау мәні зор мәдениетті іс-шараны Астана қаласының 20 жылдығына тұспа-тұс өткізіп отыр.



Шығармашылық кешті «Түгел Медиа» бірлестігі, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры, «Ұлы Дала Қырандары» қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысы ұйымдастырып отыр. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәдібек Түгел кешті жүргізіп, қаламгерлердің әрқайсысының еңбектерінен сыр шертті.

Сонымен қатар, шара барысында өмірден өткен журналистердің отбасына ҚР Тұңғыш президент қоры мен Астана қаласының әкімдігі атынан естелік сыйлықтар табысталды.



«Қаламгерлер мен журналистер Тәуелсіз еліміздің өсуіне, Астананың өркендеуіне олар зор үлесін қоса білді. Олардың еңбектерін әрқашан бағалауымыз керек. Олар жас буынға бағыт-бағдар бере білді. Елбасымыз мемлекеттің мәдени саласына әрдайым үлкен көңіл бөліп келеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арқасында қоғамымызға қажетті керемет жобалардың жолы ашылды. Тұңғыш Президент қоры ақын, жазушы, музыкант, қоғам қайраткерлерімен тығыз жұмыс атқарып келеді. Бүгінгі кешті ұйымдастырылуына қорымыздың ат салысуы сол адамдардың еңбегін ұмытпай, есімін ұлықтауға септігін тигізер деген сенімдеміз», - деді Тұңғыш Президент қоры атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов.