Астанада бала тәрбиесіне қатысты 46 ересек адам әртүрлі әкімшілік жазаға тартылды
Ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлағанындай, іс-шараны өткізудегі мақсат - тәрбиесі нашар отбасыларды анықтау және олармен алдын алу жұмыстарын жүргізу, кәмелет жасына толмағандар арасындағы есірткімен, маскүнемдікпен, өзіне-өзі қол салумен және басқа да құқық бұзушылықтармен күресу. Шара аясында қаланың барлық оқу орындарында дәрістер, дөңгелек үстелдер, семинарлар және тренингтер ұйымдастырылған. Бұған қоса, кәмелет жасына толмағандар арасында наркология саласындағы қауіп тобын ерте анықтау технологияларымен таныстыру мақсатында №60 мектептің базасында ювеналдық полиция қызметкерлеріне арналған семинар өткізілді.
Белгілі болғанындай, «Проблема жайлы бірге айтайық!» іс-шарасын өткізу барысында 12 тәрбиесі нашар отбасы анықталды. Оларға арнап қызықты көңіл көтеру шарасы ұйымдастырылды - балалар «Динамо» спорт кешеніндегі спорт секцияларына барды және жүзуді үйренді.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері шараны өткізу кезінде кәмелет жасына толмағандардың көптеп жиналатын орындарында - ойын-сауық мекемелерінде, бақтарда, скверлерде, вокзалда және оған жақын жерлерде тексеру жүргізді. 46 ересек адам әртүрлі құқық бұзғаны үшін (ата-аналардың балаларын тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағандар, кәмелет жасына толмағандарға темекі сатқандар және басқалар) әкімшілік жазаға тартылды.
Іс-шараға ювеналдық полиция, ҰҚКБ, ЕКБ қызметкерлері, Астана қаласы Білім басқармасы, Балалардың құқықтарын қорғау департаменті, денсаулық сақтау, прокуратура, «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» Жастар қанаты және ата-аналар комитеттерінің өкілдері қатысты.