Астанада «Bala Turkvizyon» халықаралық байқауына іріктеу жүріп жатыр - ВИДЕО

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Bala Turkvizyon» халықаралық балалар ән байқауына іріктеу жүруде.

«Bala Turkvizyon» түркітілдес халықтар арасында өткізілетін алғашқы балаларға арналған халықаралық байқау болмақ. Байқаудың ұлттық іріктеуін өткізуге Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасының қолдауымен Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» жеке қоры демеушілік етуде. «BALA Turkvizyon-2015» байқауына 8 бен 13 жас аралығындағы балалар қатысады. Астанадағы байқауда Қайрат Баекенов, Маржан Арапбаева мен Гүлсім Мырзабекова сынды танымал әншілер қазылық етеді.

Кез келген дарынды бала Қазақстандағы «Bala Turkvizyon» байқауының қатысушысы бола алады.

Өңірлік іріктеу нәтижелері бойынша 16 қатысушы анықталған соң олар Маржан Арапбаева, Ринат Малцагов, Дастан Оразбеков, Кәмшат Жолдыбаева және тағы басқа әншілердің қол астына өтеді. Сөйтіп, әртістердің әрқайсысы жобаға қатысатын бір-бір конкурсанттың продюсеріне айналады.

Жеңімпаз күзде түркі әлемінің астанасы Мары (Түрікменстан) қаласында өтетін «Bala Turkvizyon» Халықаралық балалар байқауының Гранд-финалына жолдама алады.

«Ұлттық іріктеудің жеңімпазы желтоқсанда Стамбұлда өтетін байқаудың Гранд-финалына жолдама алады. Онда 21 елдің өрені өз өнерлерін ортаға салады. Гранд-финалдың аудиториясы шамамен 300 млн. адамға жуықтайды. Біздің жеңімпазды әлемнің көптеген халқы көреді», - дейді «Жандану әлемі» қорының директоры Мұрат Исаханов.

Айта кету керек, аймақтық байқаулардың жеңімпаздары «Жұлдызды үйге» түседі. Онда танымал хареографтар, музыканттар мен режиссерлер балаларға екі апта бойы кәсіби өнердің қыр-сырын үйретеді.

Ұлттық іріктеудің финалы 16-17 қыркүйекте Астанада өтеді. Оған дейін әрбір өңірдің жеңімпаздарына композиторлар қазақша ән жазып беруі тиіс. Ең кәсіби қазылар олардың ішінен үздік орындаушыны таңдайды.