«Өздеріңіз білетіндей, осы оқу жылынан бастап, бүкіл білім саласында кластер бойынша жұмыс басталады. Демек, әр кластер өз бағыттарында жұмыс жүргізетін болады. Біздің кластеріміз - «патриоттық, адамгершілік, тәрбие» бағыты. Осы семинардағы тәрбиешілер, әдіскерлер, меңгерушілер - біздің серіктес балабақшалардан келіп отыр. Біз өз кластеріміз бойынша біршама іс тындырдық. Әр серіктес балабақша бірнеше семинар, ашық сабақтар, басқа формада да көптеген іс-шараларды өткізді. Өзіміз өткізген бірнеше семинарда «Өрлеуден», білім басқармасынан, «Рухани жаңғыру» бөлімінен лекторлар қатысып, осы бағытты кеңінен талқыладық», - деді семинардың ашылуында №29 «Ақ қайың» балабақшасының меңгерушісі Ләйлә Рахымжанова.
Оның айтуынша, бүгінгі семинар - семинар-практикум деп аталады. Оның ерекшелігі - серіктес балабақшалар (№9, №6, №58, №24) өз бүлдіршіндерін №29 «Ақ қайың» балабақшасына алып келіп, шеберлік сыныбына бірге қатыстырылады.
«Өйткені, кластердің ең маңызды мақсаты - серіктес балабақшалармен тығыз байланыс орнату. Бұл ретте әдіскерлер мен меңгерушілердің бір-бірімен тәжірибе алмасып, кеңесе жұмыс атқарудың маңызы өте зор», - дейді Ләйлә Рахымжанова.
Семинар екі бөлім бойынша өтті. Алғашқысы пленарлық мазмұнда ұйымдастырылып, патриоттық тәрбиені мектепке дейінгі жастан бастау жолдары, мектепке дейінгі мекемеде патриоттық адамгершілік тәрбие жүйесінде атқарылған жұмыстар талқыланды. Бұл тақырыптарда Назарбаев зияткерлік мектебінің тәрбиешісі Мағфуза Жанпейісова баланы жасынан патриоттық сезімде жетілдіру жағынан өзінің ой-пайымымен, пікірімен бөлісті. Сонымен бірге, №29 «Ақ қайың» балабақшасымен серіктес балабақшалардың меңгерушілері осы тақырыпта ойларын ортаға салды.
Ал семинардың «іс-тәжірибелік» деп аталатын екінші бөлімінде аталмыш балабақшаның «Күншуақ» тобымен «Біз Отанымыздың ұланымыз» шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Сонымен қатар, №6«Көктем», №9 «Нұршашу», №24 «Айналайын», №58 «Өркен» балабақшаларының тәрбиеленушілері сөз сөйледі. Іс-шара балабақшаның музыка жетекшісі А.Мағзұмованың «Туған жер» композициясымен аяқталды.