Астанада балабақшаға жолдама беру 1 шілдеде басталады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 2026-2027 оқу жылына арналған мектепке дейінгі ұйымдарға балаларды қабылдау 1 шілдеден басталады. Биыл мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларда 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға шамамен 15 мың орын бөлінген.

Фото: СҚО әкімдігі

Бұл туралы қалалық Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева айтты.

Оның айтуынша, балаларды балабақшаға қабылдау ҚР Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы № 372 бұйрығымен бекітілген тәртіпке сай жүргізіледі.

Спикер ата-аналарға жолдама беру басталғанға дейін қажетті дайындықты алдын ала жасап қоюды ұсынды.

— Ең алдымен ED24.kz мобильді қосымшасын жүктеп, жүйеге тіркелу қажет. Сондай-ақ «INDIGO — электронды балабақша» жүйесіндегі жеке кабинетке кіру мүмкіндігін тексеріп, логин мен құпиясөздің жарамды екеніне көз жеткізген жөн. Бұдан бөлек, өтініштің белсенді екенін, мұрағатқа жіберілмегенін, мерзімі өтіп кетпегенін және «стоп-лист» мәртебесінде тұрмағанын тексеру маңызды, — деді Маржангүл Қайырбаева.

Оның сөзінше, ата-аналар алдын ала бірнеше мемлекеттік және жекеменшік балабақшаны таңдап қойғаны дұрыс.

Толық нұсқаулықтар Астана қаласы Білім басқармасының ресми сайтындағы «Қызметі → Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту» бөлімінде және Indigo24.kz порталындағы «Пайдалы ақпарат» бөлімінде жарияланған.

Еске салайық, бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі балабақшаға кезектен тыс орын алып беруді ұсынатын алаяқтар көбейгенін ескерткен болатын.