Астанада балабақшалар арасындағы «Жұлдызды жол» олимпиадасының жеңімпаздары анықталды

АСТАНА. 20 мамыр. ҚазАқпарат - Астанада мектепке дейінгі жастағы балдырғандар арасында «Жұлдызды жол» VII қалалық олимпиадасының екінші кезеңі өтті.

Оған қаладағы орыс балабақшаларында тәрбиеленуші бүлдіршіндер қатысты. Бұл туралы «Астана дарыны» Республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығынан хабарлады.

«Астана дарыны» РҒТО ұйымдастырушыларының айтуынша, аталған іс-шара бүлдіршіндерді мектепке даярлауда мектепке дейінгі білім берудің рейтингін көтеріп, балалардың бойында шығармашылық қабілетті дамыту, зияткерлік қызығушылықты арттыру мақсатында жетінші рет ұйымдастырылуда.

«Қызыл жұлдыз» - математика мен логикаға; «сары жұлдыз» - сауаттылыққа оқытуды; «көгілдір жұлдыз» - сөйлеу тілін дамытуға; «жасыл жұлдыз» - қоршаған ортамен тынысуға үйретеді. Әрбір «жұлдызды» стансада балдырғандарға өз бетінше орындауға 3 тапсырмадан берілді. Әр тапсырма 5 баллмен бағаланды. Баллдың саны бойынша жеңімпаздар анықталды.

Астана қаласының ресми сайтының хабарлауынша, олимпиадаға елорданың балабақшаларынан 42 бүлдіршін қатысты. Бас жүлдені №8 «Думан» балабақшасының тәрбиеленушісі иеленді. Үш бала бірінші орын (№24 «Айналайын», №32 «Балдәурен», №56 «Береке» балабақшалары) алды. Төрт бүлдіршін II орынға ( №16 «Шағала», №33 «Алтын дән», №4 «Аружан», №26 «Үміт» балабақшалары) шықса, алты бала - III орынды (№14 «Ақ бота», №10 «Бөбек», №27 «Балауса», №8 «Думан», №53 «Мерей», №6 «Көктем» балабақшалары) бөлісті.

«Сонымен қатар, 7 мақтау грамотасы тапсырылды. Басшылар мен ұстаздары қатысқаны туралы сертификатқа ие болды. Жүлдеге балаларға кітап, ойыншықтар мен тәттілер берілді», - деп мәлімдейді ұйымдастырушылар.

Еске салайық, қазақ тілді мектепке дейінгі бүлдіршіндер үшін «Жұлдызды жол» VII қалалық олимпиадасы №8 «Думан» балабақшасы базасында өткен болатын. Оған 66 жас зерек тәрбиеленуші қатысты. Гран-при № 51 «Алтын сандық» балабақшасына бұйырса, I орынды екі бала ( № 8 «Думан», №48 «Ақ көгершін») бөлісті. II орынды - 6 бала («Қарлығаш» ҚР ПР, №19 «Балбөбек», №30 «Қайнар», №65 «Бал бала», №37 «Арман», №38 «Шаттық» балабақшалары), III орынды - 5 бала (№26 «Үміт», №22 «Әлем», №35 «Ертегі», №62 «Нұрсәуле», №43 «Қызғалдақ» балабақшалары) иеленді.