Астанада балаға медициналық көмекті уақытылы көрсетпегені үшін балабақшаның тәрбиешісі жұмыстан шығарылды

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Астанада балаға медициналық көмекті уақытылы көрсетпегені үшін балабақшаның тәрбиешісі жұмыстан шығарылып, мекеме басшылығына сөгіз жарияланды. Ал қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов, баланың ата-анасына балабақша әкімшілігін сотқа беруге кеңес берді.

Елорда әкімінің жеке блогына хат жазған Анастасия Псяко, №14 «Ақбөпе» балабақшасына баратын кіші інісі 20 қазан күні серуендеу кезінде құлап, мойын омыртқасын зақымдап алғанын айтқан. Бірақ жарақаттың салдарынан күні бойы мойны қисайып жүрген балаға тәрбиешілері мән бермеген және оған тиісті медициналық көмек көрсетілмеген. Ата-ана баланың жарақаты туралы кешкісін, баланы үйіне алып кетер кезде ғана білді.

«Біз үйде жедел жәрдемді шақырдық, оны №2 қалалық ауруханаға, нейрохирургия бөлімшесіне жатқызды. Ініммен анам жатыр, ал оған ауруханада жатқаны үшін жұмыс орнынан ақша төленбейді. Балабақша қызметкерлеріне қайда шағымдана аламыз және материалдық, моральдық шығындарымызды кім өтейді?», - деген ол хатында.

А.Псякоға жауап берген қала әкімі, №14 «Ақбөпе» балабақшасында қыркүйек-қазан айында балалар ауыр жарақат алған бір емес, екі оқиға орын алғанын айтты. Оның үстіне, балабақша қызметкерлері оларға медициналық тексеруді жүргізбегендіктен және тиісті көмекті көрсетпеуіне байланысты, аталған фактілер Астана қаласының білім басқармасы тәртіптік кеңесінің қарауына ұсынылды.

«Кеше, кеңестің шешімімен тәрбиеші А.Е.Баукенова жұмыстан шығарылды, балабақша меңгерушісі міндетін атқарушы С.Л.Ишутинаға сөгіс жарияланды. Балабақша меңгерушісі О.Жалмағанбетоваға екінші рет ескерту жасалды. Ол оқиға болған уақытта еңбек демалысында болғандықтан, 73 бап, 5 тармағының 3 тармақшасына сәйкес, оған әкімшілік өндіріп алу жазасын пайдалануға болмайды», - деп жауап жазды И.Тасмағамбетов.

Онымен қоса, Астана басшысы, ата-ана кінәлілерден шығынды өтеп алуға толығымен құқылы екендігін айтты.

«Сіздің отбасыңыз сотқа жүгініп, кінәлілерден келтірілген материалдық және моральдық шығынды өтеп алуға құқылы. Мен сіздің анаңыз Людмила Анатольевна Псяко №15 мектепте бастауыш сынып мұғалімі екенін білемін. Осыны негізге алып, істің сотта қаралуынан бас тартылуы мүмкін. Бірақ егер сіздер, сотқа жүгінуді жөн көрген болсаңыздар, анаңыз да, оның балалары да Астана қаласы білім беру басқармасы тарапынан қысым көрмейтінін қадап айтамын. Бұл үшін басқарма бастығы Бимендина Әсима Темкеқызы жеке жауапты», - деп түйіндеді ол.