Астанада балалар арасында футбол фестивалі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – 24 қазанда елордада балалар арасында футбол фестивалі өтеді. Оған Қазақстанның түрлі қалаларынан 150 жеткіншек қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Фестиваль 25 қазан – Республика күніне орайластырылып отыр.

Болашақта ұлттық құраманың мүшесі атанатын спортшылар салт-дәстүрмен қатар, елдің өткен тарихын және даталы күндерін білуі қашанда маңызды болмақ.

«Елорданың футбол федерациясы мен Астана спорт басқармасы 24 қазанда Павлодар, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Семей және Астана қалаларынан 9-10 жас аралығындағы 150 бала қатысатын футбол фестивалін өткізеді.

Қатысушылар үшін шоу-бағдарлама, аниматорлар, тамақтану, буфет ұйымдастырылады.

Балалық шақты барынша түрлендіріп, қызықты ету – еліміздегі ауқымды өзгерістердің маңызды бөлігі. Болашақта турнир дәстүрлі және өзге де ауқымды іс-шаралармен байланыстырылады деп жоспарланып отыр», - делінген әкімдік мәліметінде.



Фото: vizita.si