Бүгін Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттар білім беру ұйымдарындағы балалар қауіпсіздігі мәселесін көтерді.
«Менің ойымша, балалар қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аудару керек. Жалпы, осы бағыттағы проблеманы шешуге айтарлықтай қомақты қосымша қаражат керек болмайды. Жақында қалада балаларға қатысты екі оқиға тіркелді. Сондықтан тұрақты комиссия мүшелерінен және басқарма қызметкерлерінен құралған жұмыс тобын немесе бірлескен комиссия құруды ұсынамын. Атап айтқанда, балалардың қауіпсіздігі бойынша жол картасын даярлау қажет», - деді В. Сергеев.
Оның сөзіне қарағанда, суицидке жол бермеу тақырыбы өте маңызды, сондай-ақ буллинг бойынша жағдай да ушығып барады.
«Сондықтан бұл мәселеге қатысты тиісті жұмыс тобын құруды ұсынып отырмын. Оған мәслихат депутаттары қосылады. Қазірден бастап бұл бағыттағы жұмыстарға кірісу керек. Егер қажет болса, қаржыландыру тақырыбына да ораламыз. Әзірге, осы жұмыстарды іске асыруға қосымша қаражат керек емес», - деді депутат.
Еске салсақ, 25 қыркүйек күні Астанада оқушы мектеп баспалдағынан құлап, ауруханаға түсті.
20 қыркүйекте елордада жасөспірім жоғары қабаттан секіріп, көз жұмды.