Астанада балалар құқығын қорғауға арналған конференция өтті

None
АСТАНА. Желтоқсанның 4-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - ҚР Сыртқы істер министрлігінде «БҰҰ-ның Балалар құқығы туралы конвенцияға 20 жыл: ҚР-дағы қазіргі заманғы талаптар мен инновациялық тәсілдер» атты конференция болып өтті,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Балалар құқығы туралы конвенция осыдан жиырма жыл бұрын, қарашаның 20-сында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында қабылданған. Бұл құжат барлық 193 елдің қолдауына ие болды. Қазақстан аталмыш конвенцияны 15 жыл бұрын ратификациялаған. Бұл өз кезегінде балалардың көзқарастарын, құқықтарын халықаралық құқық деңгейінде қарауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, Балалардың еркіндігі хартиясы атанды. Оның 54 бабы 10 жылдық келіссөздердің қорытындысы. Онда балалардың құқықтары толық көрсетілген. Экономикалық, әлеуметтік-мәдени құқықтарынан бастап, балалардың саяси-азаматтық құқықтары көрсетілген. 

 Қазақстан бала құқықтарына қатысты БҰҰ-ның Арнайы комитеті алдында үш рет есеп берді. Ұйым еліміздің осы саладағы ахуалын жоғары бағалады.

 Конференция жұмысына ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров, ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми, Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Нұртай Әбіқаев, ҚР Парламенті Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко, БҰҰ-ның Балалар қоры, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі, шет мемлекеттердің Қазақстандағы елшіліктерінің басшылары және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

 ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровтің атап өткеніндей, Қазақстан конвенцияны қабылдаған жылдар ішінде балалар құқығын сақтау бағытында бірқатар сүбелі істерді жасап үлгерген. Елде арнайы орган - Балалар құқықтарын қорғау комитеті құрылды, «Қазақстан балалары» атты 2007-2011 жылдарға арналған ұлттық бағдарлама қабылданды, 2009-2011 жылдарға арналған «Ювеналды сот жүйесін дамытудың концепциясы» бағдарламасы жүргізілуде.

 «Н.Назарбаев өзінің «тікелей желі» арқылы сөйлеген сөзінде барлық мемлекеттік органдардың, жергілікті жердегі басшылықтарға өскелең ұрпақтың өмірі мен дамуына үлкен көңіл бөлуді тапсырды. Ал жастардың өзекті мәселелері жетерлік. Мәселен, мемлекет қарауында 16 мыңнан аса жетім бала бар. Елімізде әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларда  және білім алуға мүмкіншілігі төмен 34 мың жеткіншек тұрады. Балалар нашақорлығы, балалардың еңбегін пайдалану, олардың арасындағы қылмыстық ахуал - осының бәрі кезек күттірмей шешетін істер», деді А. Шәкіров.