Астанада балалар құқықтарын қорғау тақырыбы аясында БҰҰ комитетінің ұсынымдары талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына және ЮНИСЕФ-тің 70-жылдығына арналған «Қазақстан баламен достық қатынаста» атты халықаралық конференция өтті.

Конференция жұмысына Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары, жақын және алсы елдердің балалар омбудсмендері, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Конференция шеңберінде балалар құқығын қорғаудың барлық негізгі аспектілерін қозғайтын 13 бағыт бойынша тұрақты қолданыста болатын атаулық алаңдар жұмысын бастады. «Бала сот төрелігі жүйесінде» атты 13-диалогты алаңға жауапты модератор ретінде Астана қаласының ювеналдық сотының төрайымы Н.Раззақ сөз сөйледі.

Конференцияның негізгі мақсаты - әлемдік сатндарттарға сәйкес балалар құқығын қамтамасыз етудің өзекті мәселелері бойынша тұжырымды диалогтың тұғырын дамыту және жетілдіру және осы мәселелер бойынша халықаралық, ұлттық, қоғамдық ұйымдардың күшін біріктіру.

Жұмыс барысында оған қатысушылар Балаларға достық сот төрелігі нұсқаулығын әзірлеудің Еуропа Одағының тәжірибесін және оны қабылдауды, БҰҰ-ның бала құқықтары жөніндегі комитетінің 2015 жылғы ұсынымдарын талқылады.

Сот төрайымы Н.Раззақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру арқылы балалар құқығын қорғаудың мына төмендегідей салаларында жұмыс істейтін, яғни әлеуметтік педагогтарды, психологтарды, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қызметкерлерін, ювеналды судьяларды, полицейлерді, патронажды медбикелерді және басқаларды кәсіби даярлау және қайта даярлау, мамандардың біліктілігін көтеру жүйесін жетілдіру қажет екенін атап өтті.

Конференция соңында барлық 13 диалогты алаңдармен кәмелетке толмағандардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға қатысты ұсынымдар қабылданды, сондай-ақ жұмыс тобы конференцияның уақыт шектерімен шектелместен, 2021 жылдағы келесі елдік баяндаманы әзірлегенге дейін БҰҰ-ның бала құқықтары жөніндегі комитетінің 70-сессиясының іске асырылу мәселесімен айналысуды жалғастыра отырып, өзінің қызметін жүзеге асыратын болады.