Астанада «Балалар саяжайда» шарасы өткізілуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - 10-11 тамыз аралығында Астана қаласында оқумен қамтылмаған мектеп жасындағы балалар мен мемлекеттің көмегіне мұқтаж кәмелетке толмаған тұлғаларды анықтау мақсатында «Балалар саяжайда» алдын алу іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды Астана ІІД баспасөз қызметінен.

Іс-шараның мақсаты - жасөспірімдер қараусыздығы мен қадағалаусыздығының алдын алу, тұрмысы қолайсыз отбасыларды және Астана қаласының аумағында тіркеусіз жүрген, сондай-ақ, құқыққа қарсы бағыттағы тұлғаларды анықтау. Қойылған міндеттерді орындау үшін іс-шараны өткізу кезеңінде ювеналды полицияның учаскелік инспекторлары, әкімшілік полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары, көші-қон қызметі, экстремизммен күрес жөніндегі басқармасы, ЖПП инспекторлары, білім беру басқармасы, «Жас Отан» жастар қанаты, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері жұмылдырылған. Жедел-алдын алу іс-шарасы барысында саяжай алаптарының аумақтарында тұрмысы қолайсыз отбасыларды, қаңғыбастыққа салынған, қайыршылықпен айналысатын және Астана қаласының аумағында тіркеусіз жүрген тұлғаларды анықтау мақсатында рейдтер жүргізілуде. Сонымен қатар рейдтік іс-шаралар үрдісінде құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен білім алумен қамтылмаған мектеп жасындағы кәмелетке толмағандарды анықтау мәселелеріне ерекше назар аударылады. Осындай фактілер анықталған жағдайда Астана қаласы Білім басқармасына тиісті материалдар әзірленіп, жолданатын болады.