Астанада балалар үйіндегі 12 сәбидің ешбір құжаты жоқ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың мамандандырылған балалар үйінде ата-аналары белгісіз, баладан бас тарту туралы құжаттары рәсімделмеген 12 тастанды бала тәрбиеленіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.

Балалар үйінінің директоры Сәуле Кенжебаеваның айтуынша, бүгінгі күні мекемеде төрт жасқа дейінгі 48 бала бар.

«Оның 21-інен ата-аналары бас тартқан, 15-і уақытша орналастырылған және ата-аналары қандай да бір құжатты рәсімдеместен тастап кеткен 12 бала бар», - деді С.Кенжебаева.

Айта кетейік, 2017 жылы Астана қаласының мамандандырылған балалар үйінен 38 бала асырап алынған. 17 бүлдіршін қамқорлыққа беріліп, 35 бала отбасына қайтарылды. Сондай-ақ 3 бала патронаттық тәрбиелеуге беріліп, 8 бала психоневрологиялық мекемеге тапсырылды.