Астанада балалардың жоғалғандығы жөніндегі ақпараттар шындыққа жанаспайды - ІІМ

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астанада балалардың жоғалғандығы жөніндегі ақпараттар шындыққа жанаспайды. Бұл туралы бүгін ҚазАқпарат тілшісіне берген жауабында Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін еліміздегі интернет-порталдардың «Халық жаңалықтары» атты айдарымен берілген жаңалықтар топтамасында Астанада балалардың жоғалып кетіп жатқандығы жөнінде ақпарат таратылды. «Мұндай алып-қашпа сөздердің шындыққа жанаспайтындығын айту керек. Ал құқық қорғау органдарының күшейтілген режимде жұмыс істеуі Құрбан айт мерекесімен байланысты қолға алынған шара. Бұл күнделікті қызмет барысында болып тұратын әдеттегі іс. Сондықтан біз азаматтарды сабыр сақтап, уайымдамауға шақырамыз»,- деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың қазан айында бұл тектес қаңқу сөздер еліміздің оңтүстік өңірінде тараған болатын. Онда белгісіз біреулер мұсылмандардың қасиетті мерекесі тұсында уахаббиттердің ондаған балаларды құрбандыққа шалуға дайындалып жатқандығы жазылған қағаздар таратылған. Тәртіп сақшылары осыған байланысты 3 жұмыссыз азаматты ұстады.