Астанада балаларға арналған 10 мекемеге жаңа медициналық қондырғылар табысталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының №2 қалалық балалар ауруханасында балаларға арналған медициналық, білім беру және әлеуметтік 10 мекеме басшыларына жаңа медициналық және инновациялық қондырғылар алуға сертификаттар табыстау рәсімі өтті, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінен.

Салтанатты шара - «Шеврон» компаниясы мен «АЯЛА» жеке қайырымдылық қоры жүзеге асыратын жыл сайынғы қайырымдылық акциясының бір бөлігі.

- Жергілікті денсаулық сақтау орандары мен салауатты өмір салтын насихаттауға жол ашатын бағдарламаларды қолдау «Шеврон» компаниясының барша әлемдегі, нақтырақ айтқанда, Қазақстандағы инвестициясының бір бөлігі, - деді компания өкілі Лейла Айтмұханова.

Әлеуметтік жоба аясында биыл «Шеврон» компаниясы жаңа медициналық құрал-жабдықтар, техника, жиһаз сатып алып, №3 перинаталды орталық, №1 және №2 балалар емханалары, қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасы, №23 және №22 балабақшалар, №64 балабақша, интеллектуалды ауытқушылығы бар балаларға арналған мектеп-интернаты, балалардың психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемесі, «Дос» тәуелсіз өмір» мүгедектер орталығы» қоғамдық бірлестігі үшін арнайы бөлмелер дайындап, медициналық қондырғылар , жиһаз сатып алды.

Аталған компания алғашқы күннен бастап Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп қалалық медициналық, білім беру және әлеуметтік мекемелерге материалдық көмек көрсетіп келеді. Қор қызметінің негізгі бағыты балалар емханалары мен білім беру мекемелеріне: ауруханаларға, емхханаларға, перзентханалаоға, санаторийлер мен сауықтыру орталықтарына, балалар үйлеріне, мектеп-интернаттарға қол ұшын созу.

Марапаттау рәсімі барысында эстраданың «жас жұлдыздары» би билеп, ән салды. Шара соңында №2 қалалық емхана ғимаратында тірек-қимыл аппараты бұзылған және тілі кеш шыққан балаларға арнлаған «Релакс» сенсорлық бөлмесі таныстырылды.