Академия 8-14 жас аралығындағы қыздар мен ұлдарды жаттықтыра алады. Жаттықтыру құны мүлде тегін. Бас жаттықтырушы - Деян Парежанин, Сербия азаматы.
«Расымен, академия ашыла қалған осы кезеңге біз Сербиядан маман шақырттық. Бұл кісі балалар баскетболын ғана емес, ерлер арасындағы баскетболдың қыр-сырын жақсы білетін адам. Үйренсін деп өзіміздің екі жаттықтырушыны қостық. Жалпы, негізгі мақсатымыз - шетелден маман шақыру емес, басты мақсатымыз - балалар баскетболын дамыту», - дейді Олимпиада чемпионы, «Астана» баскетбол клубының бас директоры Валерий Тихоненко.
Оның айтуынша, Астананың ауа-райы баскетболды дамыту үшін мүлде кедергі келтірмейді. Алматыдағы баскетболдың дамуы да ауа-райына емес, бұл спортқа қаншалықты көңіл бөлінетініне байланысты және баскетбол тек Алматыда дамысын деген заң жоқ, деген ойын айтты В.Тихоненко.
«Алматының қандай қала екенін білемін, менің өзім - алматылық азаматпын. Бірақ, Астананың сондай суық болғаны кедергі келтіреді деп отыра беруге болмайды. Астанада баскетбол академиясын ашпау мүмкін емес. Себебі, баскетбол көбіне жабық нысанда ойналатын спорт түрі», - деген ойын айтты Тихоненко.
Академияға қазірдің өзінде 60 бала жазылған екен. Ақпан айынан бастап «Астана» баскетбол клубы қаладағы мектептерде шеберлік сабақтарын өткізіп, балаларды қызықтыра түспек.