Астанада балаларға арналған жинақ шығарылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Наурыз мейрамы қарсаңында Астанада Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры «Тәтті алма» атты ертегілер мен театрлық қойылымдар жинағының тұсаукесерін өткізді.

Балалар жинағы өскелең ұрпақты қазақ әдеби тілін үйренуге, рухани құндылықтарды қастерлеуге баулу, олардың шығармашылық және  интеллектуалды қабілеттерін арттыру мақсатында шығарылып отыр.

«Тәтті алма» жинағының 1-2 томы 2015 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Мемлекеттік тілді дамыту қорына ана тілімізді дамыту бағытындағы жобаларға бөлінген қаржысына жарық көрген болатын. Осы жинақтың 3-4 томдарын шығаруға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры қолдау көрсетті.
 

Соңғы жинақтарға жақсылық пен әсемдік, табиғатқа деген қамқоршылық туралы ертегілер мен театрлық қойылымдар енген. Кітапқа енген шығармаларды Tattialma.kz сайтынан оқуға болады.

Іс-шараға ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары - Сұлтан Айтжанов, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев, құрастырушылар - балалар жазушысы Шәкен Күмісбайұлы мен ақын Ақберен Елгезек, сондай-ақ белгілі қоғам қайраткерлері мен оқушылар қатысты.
 

Жинақтың арнайы таныстырылымына жиналған қауым «Балапан» телеарнасы жас дарындарының өнерін тамашалады. Жас өнерпаздар жаңа жинаққа енген театрлық қойылымдарды орындап, өлеңдер оқыды және ән айтты.

Іс-шара соңында балаларға мерекелік дастарқан жайылып, «Тәтті алма» жинағы мен алма сыйға тартылды.

Тұсаукесер рәсімін өткізуге «Балапан» телеарнасы ақпараттық қолдау көрсетті.
 

Айта кетерлігі, аталмыш қор Президент идеялары мен саясатын жүзеге асыруға, талантты жастарды қолдауға, әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды дамытуға, бәсекеге қабілетті сараптама-талдау орталығын дамытуға бағытталған.

Көптеген жылдар бойы қор дарынды жастарға қолдау көрсетіп келеді. 2016 жылы 73 іс-шара жүзеге асырылды. Олардың ішінде жастарды қолдауға арналған 42 жоба, әлеуметтік бағыттағы 31 жоба қолдау тапты.