Соңғы кездері қалада балаларға қатысты жол-көлік оқиғаларының саны көбейген. Осыған байланысты елордалық Білім басқармасы тұрғындарға жолда жүру ережелерін қатаң сақтап, мұқият болуға шақыруда.
Білім беру мекемелерінің басшыларына балаларға жол жүрісі қағидаларын сақтау қажеттілігі туралы дәрістер мен түсіндіру жұмыстарын қайта жүргізу тапсырылды.
«Құрметті ата-аналар!
Балаларды көшеге жібергенде, қауіпсіздік ережелерін, жолдарда әсіресе мұқият болу қажеттілігін еске салуыңызды сұраймыз, өйткені біздің балаларымыздың өмірі мен денсаулығынан қымбат ештеңе жоқ», - делінген басқарманың ескертуінде.
Айта кетерлігі, 29 қаңтарда таңертең Қабанбай батыр даңғылы бойында екі жазатайым оқиға тіркелді. Жолды кесіп өтіп бара жатқан 9-сынып оқушысын көлік қағып кетіп, жасөспірім қаза тапты. Сол тұста тағы бір әйелді машина соғып, мерт болды.