Астанада балық аулауға шыққан ер адам із-түзсіз жоғалып кетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптаның сенбі күні Астанада ер кісі өзінің әріптестерімен балық аулауға кетіп, үйіне қайтып оралмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің хабарлағанындай, қазіргі уақытта жоғалған ер азаматты іздеу жұмыстары жүргізілуде.
 

«Ақмола облысы бойынша, жақын ауылдарда және Нұра өзенінің бойымен жан-жақты іздестіру шаралары жүргізілуде. Іздестіру ісі қозғалды, оның аясында жоғалған ер кісіні іздестірудің барлық қажетті шаралары қолға алынып жатыр», - деп атап өтті департаменттің баспасөз қызметі.

Із-түзсіз кеткен Берік Құсайыновтың зайыбы «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында оның жанында болған әріптестері үйлеріне оралғандарын, бірақ қойған сұрақтарға жауап бергілері келмейтіндігін айтты.

«Күйеуім әріптестерімен бірге кеткен, бірақ олар күйеуімсіз қайтып келді. Мен Аудандық Ішкі істер бөлімінде болдым, олардың бірі сонда отыр. Менің қойған сауалдарыма ол жауап қатпады. Біз оның жанында отырдық, ол маған тіс жармады, іздеу жұмыстары қалай жүріп жатқандығын айтпады, амандаспады да. Ол кісі үн-түнсіз үстелге қарап қана отырды», - деді ол.
 

Ер адамның жоғалғаны туралы ақпарат Facebook әлеуметтік желісінде жарияланған болатын. Онда Берік Құсайыновтың 1984 жылы туғандығы, үйден 19:00 шамасында әріптестерімен бірге Ақмола облысы Сабынды ауылына қарай балық аулауға шыққаны туралы хабарланған.

Ол өзінің Toyota 4Runner көлігімен кеткен.