Астанада «Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз!» атты I республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды

АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы «Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз!» атты I республикалық байқаудың жеңімпаздары марапатталды.

Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған байқау он аталым бойынша өтті. Оның ішінде «Үздік студент», «Өз кәсібінің үздігі», «Үздік би», «Ақылдылар», «Үздік туынды», «Алтын қалам», «Ең үлгілі отбасы», «Үздік әлеуметтік жоба», «Үздік орындаушы» және «Үздік спортшы» аталымдары бар. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова атап көрсеткендей, байқауға республика бойынша 6 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат қатысты. Олардың 339-ы жүлделі орындарға ие болды. Бірінші орынды жеңіп алғандарға 350 мың теңге көлемінде сыйақы берілді. Ал жүлделі орындарға іліккендердің бәріне планшеттік компьютерлер сыйға тартылды. Тәуелсіздік сарайында өткен марапаттау рәсімі байқау жеңімпаздарының гала-концертіне ұласты. Айта кетейік, «Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз!» атты I республикалық байқау ағымдағы жылы 7 маусым күні басталған болатын. Содан бастап барлық облыстарда аймақтық сайыстар өтіп, бүгінде оқ бойы озық шыққан жеңімпаздар анықталып отыр.