Астанада «Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз» байқауының үздіктері анықталды

АСТАНА. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында дарынды адамдарды анықтауға арналған «Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз» байқауы жалғасын тауып келеді. Кеше елордада «Үздік би», «Үздік орындаушы», «Үздік жасампаз» және «Ең тату отбасы» аталымдары бойынша іріктеу турнирі өткізілді. Бұл туралы astana.kz сайтынан хабарлады.

«Үзді би» аталымында 5 үміткер бақ сынасты, соның ішінде үшеуі 3 би топтары. Қазылар алқасы 1-орынды «Ақ шағала» би тобына беру туралы шешімді бірауыздан қабылдады, 2-орынды Айзада Қойшыбаева мен «Шамшырақ» би тобы бөлісті, 3-орынға «Жазира» би тобы мен Елшат Жаңабергенов тұрақтады.

Қазылар алқасының шешімімен үздік орындаушы аталымындағы 13 қатысушы вокалдық және аспапты музыка жанрына бөлінді. Вокалдық өнер көрсетуде Алтыншаш Мұқатаева мен Айнагүл Нұғыманова 1-орын, Ирина Сон мен Руслан Ямалетдинов 2-орын, Полина Фурадеева мен Екатерина Ночевчук 3-орын алды. Аспапты музыка жанрында Севда Әлиева (пианолла) 1-орынға, Ұлан Сырғабаев (домбыра) 2-орынға, Бақытнұр Жармағанбетов (гитара) 3- орынға ие болды.

«Үздік жасампаз» аталымында 42 өтініш қабылданды. Бисерден, теріден және басқа да керек материалдардан жасалған бұйымдар қазылар алқасының назарына ұсынылды.

Данагүл Сейтпекова (теріден жасалған картиналар) мен Береке Құспекова үздік атанды. 2-орынды Александр Рудаков, Римнат Ильясов және Рамазан Есмағамбетов өзара бөлісті. 3-орынға Юсиф Исмайлов, Кенжегүл Кикенова және Ербол Қожахметов ие болды.

«Ең тату отбасы» аталымында мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған немесе ата-аналар мүмкіндігі шектеулі жандар болып табылатын 7 отбасы бақ сынасты. Екі турдың қорытындысы бойынша Потаповтар, Базылбековтер, Исмайловтар отбасылары 3-орын алды. 2-орынға Өтебаевтар мен Кенжебек отбасы тұрақтады. Закарьяновтар мен Рублевский отбасылары үздік атанды.

Еске салайық, «Бәріміз бірдейміз - кемсітуді білмейміз» байқауы Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылып жатыр. Ол мүгедектігі бар дарынды жандарды анықтауға және қолдауға, олардың өз ойын білдірудің және жүзеге асырудың құралы ретінде шығармашылық қызметтеріне қоғам назарын аударуға бағытталған. 2-7 тамыз аралығында Астанада 11 аталым бойынша байқаудың іріктеу турлары өтіп жатыр.

«Үздік спортшы» және «Жеңіске жігер танытқаны үшін» аталымдары бойынша соңғы іріктеу турлары 7 тамызда сағат 10.00 «Қазақстан» СК өтеді.