Астанада баспана кезегінде 36 мыңнан астам азамат тұр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада мемлекеттік қордан баспана алу кезегінде тұрғандардың саны 36 мыңға жетіп отыр. Бұл туралы бүгін Астана әкімінің орынбасары Андрей Лукин мәлім етті.

«Жыл сайын елордаға жүздеген жас отбасылар қоныс аударып жатыр. Олардың қатарында ел облыстарынан ғана емес, сонымен қатар шетелден келгендер де бар. Соған байланысты Астанада жаңа әрі сапалы баспана салу мәселесі өзекті. Қала дамыған сайын оның халқы да көбейе беретіндігі мәлім. Сондықтан әлеуметтік тұрғын үйлерді салудың маңызы да жоғары. Қазіргі уақытта Астанада мемлекеттік қордан баспана алу кезегінде тұрғандардың саны 36 мыңға жетіп отыр», - деді Лукин.

Оның айтуынша, осы тұрғыда жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үй салу бағдарламасы қолға алынған.

«Баспанаға зәру азаматтардың негізгі бөлігі - жас отбасылар, мүгедек немесе ата-анасы жоқ балаларды асырап жатқан отбасылар, толық емес жанұялар және тағы басқалары. Сондықтан ең тиімдісі - осы арендалық пәтерлердің құрылысы. Сондықтан Астана қаласы әкімдігі, «Бәйтерек» басқарушы холдингі мен «Қазақстанның ипотекалық компаниясы» тиісті жұмыстарды атқаруда. Ұлттық қордан республика бойынша 180 млрд. теңге бөлінді», - деп атап өтті ол.

180 млрд. теңгенің 35 млрд. теңгесі жергілікті атқарушы органдарға арналған. Олар бұл қаржыны қажетті инфрақұрылымды жасақтауға жұмсауы тиіс. «Бәйтерек» холдингіне жалға берілетін үйлер салып, оларды сатып алуға 145 млрд. теңге бөлінді. Бұл қаржының 92,5 млрд. теңгесі 2015 жылы, қалған 52,5 млрд. теңгесі 2016 жылы игерілуі тиіс.