Астанада басшылар саны 2 есеге қысқарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігі құрылымының басшылық құрамы 2 есе қысқарды. Бұл жайында елорда әкімі Әсет Исекешев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі.

«2017 жылы бізде 26 құрылымдық бөлімше болған еді. Біз оларды 17-ге дейін қысқарттық. Басшылық құрам саны екі есеге қысқарды. Қызметкерлерді іштей бөлудің есебінен бейінді бөлімдердің  үлесін, яғни, энергетик, жолшы, құрылысшы сынды мамандарды ұлғайттық. Олардың саны 80 пайызға дейін көбейді», - деді елорда әкімі қалалық «iKomek» мониторинг және жедел әрекет ету орталығындағы жиын барысында

Қала басшысы халықтың елордаға көптеп қоныстануына байланысты мемлекеттік қызметшілерге жүктеменің артып отырғанын айтты.

«Халық санының өсуіне байланысты елорда әкімдігінің 1 қызметкеріне 1275 адамнан келеді. Ал кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш 600 адамнан аспайды», - деді Әсет Исекешев.

Оның айтуынша, 2008 жылы Астана тұрғындары 600 мың адамды құрап, әкімдіктің штат саны 1043 бірлік болса, ал қазіргі уақытта 1,1 млн адам тұратын қала әкімдігінде 941 қызметкер жұмыс істейді.

«Демек, әкімдіктің бір қызметкеріне жүктеме 3 есе өсті деген сөз. Бұған қоса халық өсімінің жартысы өткен жылы Астанаға тиесілі болды», - деп түсіндірді әкім.