Аталған оқиғаға қатысты батут қожайыны жапа шеккен балалардың ата-аналарымен келісімге келіп материалдық және моральдық шығындарды толық өтеді. Аса ауыр қылмысқа жатпағандықтан, мәселені медиация жолымен шешу ұсынылды.
Дегенмен судья екіжақты келісім мен кешірімді сот алдында өз ауыздарынан естуіміз керек деген шешіммен сот отырысын өткізді.
Сот отырысына айыпталушы мен жәбірленуші тарап қатысты. Сот процесінде айыпталушыны алдын ала кешіру туралы медиациялық келісімге қол қоя тұра, жәбір көрген қыз бала анасы Зәуре Асабаева өзінің қарсылығын білдіріп, кешірім бермейтінін айтты.
«Қызымның жағдайы қиын, көк бауырына ота жасалып алып тастады. Оның үстіне бір қолының жұмыс істеуі қиын. Ташкентке барып ем қабылдаған соң ғана қмылдай бастады. Сонымен қатар әкімдіктен қызыма кәмелеттік жасқа толғанша жылына бір рет сауықтыру орталығына жолдама беруін талап етемін», - деді жәбір көрген баланың анасы Зәуре Асабаева.
Оған айыпталушыны алдын ала кешіру туралы медиациялық келісімге неліктен қол қойдыңыз деген сауал қойылды.
«Ол кезде қызыма ота жасатып есеңгіреп жүрген кезім еді. Маған медиатор келіп түсіндірместен қол қойғызып алды. Оның үстіне барлық құжаттар орыс тілінде болды, ал мен орысша түсінбеймін. Мен қызым 18-ге толғанша ем-домына толық жауап беретін жағдайда ғана кешірімімді беремін», - деді жәбірленуші.
Екіжақты келіспеушіліктің орын алуына байланысты судья сот отырысын кейінге шегеріп 2 тамызға қалдырды.
Еске сала кетсек, 4 мамырда елордада «Жаннұр» сауда үйі аумағындағы батутты қатты жел ұшырып, 5 бала зардап шеккен болатын.