Астанада бауыр мен бүйректі науқастың туыстарынан трансплантациялау бойынша халықаралық шеберлік сыныбы өтеді

АСТАНА. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат - Астанада 11 желтоқсан күні №1 қалалық аурухана базасында «Нефрология және гепатология саласындағы өзекті мәселелер: бауыр мен бүйрек ауруларының терминалды кезеңдерінде пациенттерді бақылау және туыстарынан трансплантациялау» тақырыбында шеберлік сыныптары өтеді. Бұл туралы astana.kz сайтына №1 қалалық аурухананың баспасөз қызметінен хабарлады.

Шеберлік сыныбы аясында Н.В. Склифосовский атындағы ЖЖ ҒЗИ мамандарының жетекшілігімен бауыр мен бүйректі науқастың туыстарынан трансплантациялау бойынша оталар жасалады. №1 қалалық аурухана - Астанада елімізде трансплантологияны дамытып жүрген қалалық деңгейдегі алғашқы стационар. Онда бауырды науқастың туыстарынан ауыстырып салу операциясы тұңғыш рет өткізілмек. 2012 жылы ақпан айында 55 жасар пациентке ұлының бауыры трансплантацияланды. Қазіргі уақытта реципиент те, донор да өздерін жақсы сезінеді. Айта кетейік, Қазақстан Республикасында 3 000 жуық адам бүйрек ауыстыруды қажет ететіндердің тізімінде тұрса, жыл сайын бауыр мен жүрек ауыстыруға мұқтаж адамдардың саны 170-200 жуықты құрайды. Қазақстандықтар күрделі әрі қымбат операцияны шетелде жасатуға мәжбүр. Бұған бәрінің бірдей қолы жете бермейді. Осындай шеберлік сыныптары жоғары мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекті енгізу арқылы қазақстандық медицинаны дамытуға мүмкіндік береді, нәтижесінде бұл азаматтарға Қазақстанда әлемдік деңгейдегі қызметтер алуға мүмкіндік береді.