Астанада Бауыржан Момышұлының 103 жылдығына орай салтанатты митинг өтті

None
АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Ұлы Отан соғысының даңқты батыры Бауыржан Момышұлының туғанына 103 жыл толуына орай елорда жұртшылығы митингке жиналды.

Жиынға келген ҚР ардагерлер ұйымының өкілдері, жас спортшылар - олимпиадалық резервтің мүшелері, «Жас Отан» жастар қанаты, елорда тұрғындары еске алу митингісінен кейін батыр баба - Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Баукеңнің мұрасын белсенді насихаттап жүрген Ауған соғысының ардагері, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұлдың айтуынша, Б.Момышұлы сияқты үлгі тұтар тұлғалар мәңгілік әспеттелуі тиіс. Ол жастардың, кейінгі ұрпақтың тұлғалық эталоны болып қалуы керек.

«Тәуелсіз мемлекет есебінде үлкеніміз, кішіміз де тәуелсіз сана қалыптастыруда тәуелсіз тұлға керек. Ол тұлға - Бауыржан Момышұлы. Бүгінгі таңдағы патриотизмнің іргесін қалаған, өмірі өнегелі, артында өшпес мұрасы бар - осыны мына біз, аға буын уыстан уысқа кейінгі ұрпаққа дарыта, тарата білуіміз керек», - дейді Бақытбек Смағұл.

Айта кетейік, дәл осы күні 103 жыл бұрын (1910-1982) даңқты қолбасшы, әскери қайраткер, жазушы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бауыржан МОМЫШҰЛЫ дүниеге келді.

Жамбыл облысы Жуалы ауданында туған. Ленинград қаржы академиясы жанындағы курсты, Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғары әскери академияны бітірген.
1936 жылы Қызыл Армия қатарына алынып, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы болған. Отан соғысы басталысымен 316-шы атқыштар (кейіннен 8-ші гвардия) дивизиясының жасақталуына белсене қатысып, сол дивизия құрамында майданға аттанған. Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысып, Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық дивизия батальонының, полкінің командирі болған. 1944-1945 жылдары осы дивизияны басқарған. Оның соғыс кезіндегі ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігі, тапқырлығы мен жеке басының ерен ерлігі ерекше көзге түсіп, батырлық даңқы аңызға айналған.
Батырдың қаламынан туған көркем шығармалар бірнеше шетел тілдеріне аударылған. Ол туындыларын орыс-қазақ тілінде бірдей жазған. Оның «Біздің семья», «Ұшқан ұя», «Генерал Панфилов», «Куба әсерлері», «Москва үшін шайқас», «Майдан», «Төлеген Тоқтаров» атты кітаптары бар.
Сонымен қатар батырдың қаһармандық ерлігі туралы орыс жазушысы Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» атты повесі, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-дилогиясы, Мекемтас Мырзахметұлының «Бауыржан Батыр» атты кітабы, Мағира Қожахметованың «Тосын сыр-сұхбат»атты пьесалары жарық көріп, жазушы-драматург Елен Әлімжанның «Полковниктің жарияланбаған жазбалары» пьесасы қойылды. «Қазақфильм» киностудиясы «Ел басына күн туса» атты көркем фильм түсірді. Москва академиялық драма театры Бауыржан Момышұлы туралы «Волоколамск тас жолы» спектаклін қойды. 2001 жылы Бауыржантану ғылыми зерттеу орталығы ашылған. Батырға туған жерінде, Астана қаласында ескерткіштер қойылып, Мәскеу облысы Волоколамск қаласында батырдың тас мүсіні орнатылды.
Батыр есімі ауылдарға, көшелерге, республикалық әскери балалар мектебіне берілген.
Қызыл Ту, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар Достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы, 2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.