Астанада бәйгеден ел біріншілігінің іріктеу кезеңі өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының ипподромында 5 тамыз күні сағат 10:00-де «Бәйге Федерациясы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып отырған V Бәйгеден Қазақстан Чемпионаты – іріктеу кезеңі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Ел біріншілігі Астана қаласының әкімдігі мен ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйытқы болуымен өткізілмек.

Шоқтығы биік ұлттық спорт жанкүйерлері мен кәсіби спортшылардың жүрегін жаулап алатын оқиға Астана қаласының ипподромында өтеді.

Шабандоздар әртүрлі жүлде мен финалдық сайысқа берілетін жолдаманы ұтып алу үшін өткізілетін жарыс аясында өз шеберлігі мен кәсіби деңгейін көрсету мүмкіндігіне ие болады.

Турнир ат жарысының құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге және жорға жарыс сияқты төрт түрі бойынша өтеді, жалпы жүлде қоры – 23,5 млн теңге.

Іс-шара аясында ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылады.

Айталық қыз-келіншектер арасында «Ұлттық киім – ұлт ажары» деген атпен байқау өткізіледі.

Жүлде қоры – 1 млн теңге.

Байқауға қатысушылар көрермен назарына өз қолымен тіккен, бірегей киімдерін ұсынуы тиіс.

Сондай-ақ көрермен арасында әртүрлі жүлде ойнатылады, жүлде қоры – 3 млн теңге.