Сот азаматша М.-ға қатысты ортақ пайдаланылатын орынды ластау фактісі бойынша (ӘҚБтК-нің 434-2-бабының 1-бөлігі) әкімшілік істі қарады.
2026 жылғы 27 сәуірде шамамен сағат 01:00–де азаматша М. Астана қаласындағы Нұржол көшесінде, «Бәйтерек» монументі маңында қоғамдық орында бола тұрып, шампан бөтелкесін ашып, ішіндегісін жерге төккен. Осылайша ол ортақ пайдаланылатын орынды ластаған.
Сот отырысында азаматша М. өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді. Ол блогер ретінде «Бәйтерек» монументінің айналасында трендтегі бейнеролик түсіргісі келгенін, кейін ластаған жерін жинап кеткенін түсіндірді.
Құқық бұзушылық фактісі азаматша М.-ның кінәсін мойындау туралы түсініктемелерімен, инспектордың рапортымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, сондай-ақ «Instagram» әлеуметтік желісінде жарияланған оқиға орнынан түсірілген бейнежазбамен дәлелденді.
Әкімшілік жаза тағайындау кезінде сот кінәні мойындауды және шын жүректен өкінуді жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот қоғамдық жұмыстар құқық бұзушылық жасаған тұлғаның келісімі болған жағдайда ғана тағайындалатынын да ескерді.
— Азаматша М. қоғамдық жұмыстарға тартуға келіспегендіктен, сот оны кінәлі деп танып, 10 АЕК мөлшерінде, яғни 43 250 теңге айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындады. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ, — делінген хабарламада.
Бұған дейін «Бәйтерекке» құрметсіздік танытқан астаналық қамауға алынғанын жазғанбыз.