Астанада белбеу күресінен ел чемпионаты өтеді

АЛМАТЫ. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Астанада маусымның 6-7 күндері белбеу күресінен Қазақстан чемпионаты өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Штаттық ұлттық командалар дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Оны Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және ҚР Белбеу күресі федерациясы бірігіп ұйымдастырып отыр. Спортың бұл түрі биыл тамыз айында Тайландта өтетін жекпе-жек өнерінен алғашқы Азия ойындарының бағдарламасына енген. «Биыл төртінші рет өз жалауын көтеретін бұл жарысқа қазірдің өзінде 12 облыстың командасы келді. Олардың арасында әзірге алматылықтар жоқ. Дәстүрлі бұл дүбірлі дода былтыр да Астанада өткен. Оған еліміздің 11 облысы өз командаларын қосқан болатын», дейді мемлекеттік бапкер Иманзайып Сатыбалдинов. Жалпы белбеу күресінен тұрақты түрде Азия, Еуропа және Әлем чемпионаттары өтеді. Мәселен, 5-ші Әлем чемпионаты 2007 жылы Қазақстанда Алматыда болды. Ал былтыр Бішкекте өткен Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 3 алтын, 5 күміс, 2 қола медалға ие болып, командалық есепте екінші орын алды.